Батыс Қазақстанда 70 мыңға жуық адам коронавирусқа қарсы егілді

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 69834 адам коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентімен егілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибековтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, соның ішінде 60710-ы «Спутник V», 1085-і «QazVac», 8309-ы «Hayat-Vax» вакцинасын қабылдады.

Оған қоса 33387 адам екінші компонентпен егілді.

Арман Талғатұлының сөзіне қарағанда, 2 маусым күні облысқа 17500 доза (І компонент) ресейлік «Спутник V» вакцинасы жеткізілді.

Егілу басталғаннан бері өңірге барлығы 173060 доза (122550-і – І, 50510-ы – ІІ компонент) вакцина келіп түсті. Соның ішінде 119060 дозасы (88050-і – І, 31010-ы – ІІ компонент) – «Спутник V» вакцинасы. Сондай-ақ 4 мың доза (2 мыңы – І, жартысы – ІІ компонент) отандық «QazVac», Біріккен Араб Әмірліктерінде өндірілген 50 мың доза (32500-і – І, 17500-і –ІІ компонент) «Hayat-Vax» вакцинасы әкелінді.

«Қазіргі кезде облыста вакцинаның осы үш түрі бар.

Сондықтан вакцинацияның маңыздылығын ескере отырып, барлық ниет білдірген азаматтарды екпе алуға шақырамын.

Вакцинация құжаты екінші компонентті алғаннан кейін беріледі», деді А.Қалибеков.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда соңғы он күнде 20 оқушыдан коронавирус табылғанын жазған болатынбыз.