ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында 700 гектар құрғақ шөп өртенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 3 шілде күні Бөрлі ауданы Кеңтүбек ауылдық округінде болды.
Пролетар елді мекенінен 4 шақырым жерде 700 гектар құрғақ шөп жалынға оранды.
Елді мекен, орман мен егістікке қауіп төнген жоқ.
Өртті сөндіруге ТЖ департаменті (16 қызметкер, 2 техника), «Өрт сөндіруші» АҚ (5 қызметкер, 1 техника), ерікті өрт сөндіру жасағы (17 адам, 5 техника) және орман шаруашылығы мекемесі (5 қызметкер, 1 техника) күштері жұмылдырылды.
«Тілсіз жау» сағат 21.00-де оқшауланып, 21.30-да толық жойылды.
Өңірде күн қатты ысып кеткендіктен, өрт қаупі сақталып отыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда тұрғын үй өртеніп, күйік шалған үш адамның ауруханаға түскенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).