Батыс Қазақстанда 73 мыңнан астам адам ревакцинациядан өтті

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында 73 119 адам ревакцинациядан өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Асхат Балықовтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, облыс бойынша осы кезге дейін 274 925 адам коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентімен егілді. Бұл – жалпы жоспардың 66,3 пайызы.

Оған қоса 264 920-сы екінші компонентті салдырды.

Pfizer компаниясының вакцинасын 11 044 адам қабылдаса, соның 5 711-і – жасөспірімдер, 420-сы – жүкті, 4 896-сы – бала емізетін әйелдер.

А.Балықовтың айтуынша, ҚР бас мемлекеттік санитар дәрігерінің биылғы 25 наурыздағы №17 қаулысына сәйкес Pfizer компаниясының «Комирнати» вакцинасын тұрғындарға профилактикалық тұрғыда алуына рұқсат етілді. Сондай-ақ ревакцинациядан өткендер, белгілі бір себептермен шетелге шығу үшін қайта вакцинацияланғысы келетіндер (соңғы вакцинадан кейін кемінде үш ай өтуі тиіс және шетелге шығуға арнайы растайтын құжаттары болуы керек) аталмыш екпені қабылдай алады. Оған қоса мүмкіндігі шектеулі азаматтар үйден егіле алады.

«Қазіргі кезде вакцина қоры жеткілікті», деді басқарма басшысының орынбасары.

Оның сөзіне қарағанда, облыста эпидахуал тұрақталды.

Пандемия басталғаннан бері тіркелген 49 654 науқастың 48 719-ы жазылып шықты.

Күні бүгін 3 адам амбулаторлық ем алуда. Оларда ауру симптомсыз өтуде.

Өңірде жағдайдың тұрақталуына байланысты модульдік ауруханадан басқа барлық инфекциялық стационарлар жабылды.

Модульдік стационарда емделіп жатқан 2 науқастың біреуі жансақтау бөлімінде. Ол инвазивті емес жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да инфекциялық стационарлар саны қысқартылғанын жазған болатынбыз.