Батыс Қазақстанда 90 мыңнан астам бала мектепке бармақшы
БҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Зәуре Ғұмарованың айтуынша, өткен оқу жылында бұл көрсеткіштер сәйкесінше 88 мыңнан астам және 10 мыңнан астам болған еді. Әсіресе, Орал қаласында оқушылар саны көбеюде, өткен жылы 35 мыңнан астам (бірінші сыныпқа - 4,5 мыңнан астам) бала барса, биыл 38 мыңдай жеткіншек (1-сыныпқа - 5 мыңнан астам) мектеп есігін ашпақ.
Өткен жылы бала санының азаюына байланысты 10 бастауыш мектеп жабылса, биыл сондай сегіз білім ордасы жұмысын тоқтатпақ. Қазірдің өзінде Тасқала ауданында Талдыбұлақ, Ленин жолы, Бөрліде Ниязбек, Ақжайықта Қарағай, Шектібай, Шыңғырлауда Константиновка, Қызылкөл бастауыш мектептерін жабу жөнінде аудан әкімдіктерінің қаулысы шықты. Бөкей ордасы ауданындағы Мәмбет бастауыш мектебі жөнінде де осындай қаулы қабылданбақшы. Білім беру ұйымдары желісінің кепілдік берілген мемлекеттік нормативін бекіту туралы ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 21 желтоқсандағы «Білім беру ұйымдарын кепілдендіру нормативі туралы» №1256 Қаулысына сәйкес әрбір ауылдық елді мекенде кіші мектеп жасындағы (1-4 сынып) бала саны бесеу болғанда ғана бастауыш мектеп сақталады. Жаңағы мектептерде үш-төрттен ғана қалып отыр. Бұл балдырғандар оқусыз қалмайды, көршілес ауылдардағы басқа мектептерге орналастырылады.
Биыл Орал қаласына қарасты Зачаган кентінде 1200 орындық және Жаңақала ауданы орталығы Жаңақала ауылында 100 орындық интернатымен 600 орындық жаңа екі мектеп ашылмақ. Сонда облыс бойынша 391 мектеп (өткен жылы - 397) жұмыс жасайтын болады. Елбасымыздың «Нұрлы жол - болашаққа барар жол» атты Жолдауында атап көрсетілгеніндей, бірінші кезекте апатты мектептер мен үш ауысымда оқыту мәселелерін шешу міндеті қойылғаны белгілі. Өңірде үш ауысымда оқытатын білім ошақтары жоқ, ал апатты мектептер мәселесі таяуда толықтай шешіледі.
Айта кетейік, облыста «Мектепке жол» шарасы 1 тамыз-30 қыркүйек аралығында биыл сегізінші жыл қатарынан жалғасын табады. Жеті жыл ішінде өңірде 97145 балдырған 423,273 млн. теңгенің материалдық көмегіне қол жеткізді. Өткен жылы көмекке мұқтаждарды нақтылау мақсатында мұғалімдердің қатысуымен 42836 аула аралау шарасы жүргізіліп, 19099 оқушыға 90,794 млн. теңгенің, соның ішінде демеушілер есебінен 48,496 млн. теңгенің жәрдемі көрсетілді. Бұл ретте Бөрлі, Жаңақала, Зеленов, Сырым, Теректі аудандарында материалдық көмек көлемі өсті.
Биыл шамамен 18 мыңнан астам бала мектепке бару үшін қолұшын созуды қажет етеді.