Батыс Қазақстан облысында ағашқа соғылған жүк көлігі жанып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға 14 қыркүйек күні Бәйтерек ауданы Мичурин ауылында болған.
«Сағат 16.31-де Ленин көшесі 2-мекенжай тұсында 32 жастағы жүргізуші айдап келе жатқан Volvo автокөлігі ағашпен түйісіп, сосын отқа оранған. Жүк көлігіне киім-кешек тиелген. Тілсіз жау сағат 18.18-де оқшауланып, 21.43-те толықтай ауыздықталды. Зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнына департамент құрылымдарынан 19 адам 4 техникамен барды. Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталу үстінде», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда саяжай аумағында құрғақ шөп пен бұталар өртенгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).