ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында жыл Ақтөбе бағытындағы жолда қозғалысқа шектеу қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«ҚазАвтоЖол» ЖШС БҚО филиалының мәліметіне қарағанда, бүгін жергілікті сағат 16.10-нан бастап Ақтөбе облысында ауа райының нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар Самара-Шымкент (394-526 км, Жымпиты ауылынан Ақтөбе облысы шекарасына дейін) жолы жүк және қоғамдық көліктер үшін жабылды.
Жабылу себебі - күшті жел, боран, жолдың дұрыс көрінбеуі.
Осыған байланысты БҚО ТЖ департаменті ескерту жариялап, тұрғындарға аталмыш бағытта жолға шықпау керектігін жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да боранға байланысты республикалық жолдың жабылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).