Батыс Қазақстанда ақын Сағат Әбдуғалиевтің мүсіні қойылды
Бұдан 70 жыл бұрын Тайпақ топырағында дүние есігін ашқан Сағаттың ақындық жолы оңай болған жоқ. Көзі тірісінде жинағын да шығарып, үлгере алмады.
Қадыр Мырза Әли Сағат Әбдуғалиевтің «Құлыншақ көктем» атты өлеңдер жинағына жоғары баға беріп, «Бұл - әдебиетке өнерімен де, білімімен де барынша дайын келген тұлға. Тақырып таңдауының өзінде үлкен талғам, оны жұп-жұмыр етіп жазуының өзінде үлкен әдеби мәдениет жатыр» деп, ақ жол тілегенмен, кітабы баспадан шыққан жоқ.
Туған елі «Тайпақтың Мұқағалиы» атап кеткен ақынның қайтыс болғаннан кейін ғана әр жылдары «Көзайым келешек», «Жүрегіме жүгі түсті жаһанның», «Жанымның жалғыз бұлбұлы» атты жинақтары жарық көрді.
Ақынның 70 жылдығына арналған шаралар Ақжайық ауданы Тайпақ ауылында қорытындыланып, осындағы саябаққа мүсіні орнатылды. Оның авторы - оралдық мүсінші Дмитрий Баймұқашев.
Мәдениет үйінде өткен жыр мерекесінде шараға Астанадан арнайы келген белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Жанат Әскербекқызы С.Әбдуғалиевті ұлықтаған Ақ Жайық еліне алғысын білдіріп, Сағатқа арнаған өлеңін оқыды.
Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы мен Ақжайық ауданы әкімдігінің ұйытқы болуымен ұйымдастырылған «Кіндікжұрт - Қазақстаным» атты аймақтық-республикалық жыр мүшәйрасы да қорытындыланып, жеңімпаз-жүлдегерлер марапатталды.
Өлең бәйгесіне Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарынан 28 үміткер қатысып, соның 8-і жүлдеге ілікті.
Қазылар алқасының шешімімен Жаңақала ауданынан түлеп ұшқан, қазіргі кезде М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде оқитын Мәрлен Ғилымхан бас жүлдеге (150 мың теңге) лайық деп табылды. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, оралдық Амангелді Шахин бірінші (100 мың теңге), Атырау облысы Индер ауданының түлегі, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың тағы бір студенті Асылай Ниязбаева екінші (75 мың теңге), маңғыстаулық Жұмагүл Мұрсалова үшінші (50 мың теңге) орынға ие болды. Сондай-ақ Ж.Молдағалиев атындағы жүлдемен Жаңаөзен қаласынан келген Алтынбек Әлібаев, Х.Есенжанов атындағы сыйлықпен теректілік Әділет Орынбасаров, С.Сейітов атындағы жүлдемен жәнібектік Назгүл Кәрімова, Х.Әбілов атындағы сыйлықпен ақжайықтық Бекболат Қаленов (30 мың теңгеден) марапатталды.