Оралда ақын есімін ардақтау мақсатында өткізілетін дәстүрлі Жұбан оқуларының жеңімпаз-жүлдегерлері белгілі болды.
Ақиық ақынның туған күніне орай Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы ұйымдастырған байқауға 17 үміткер қатысып, төрт кезең бойынша сынға түсті.
Олар «Өмірін өлеңімен өрнектеген» кезеңінде Жұбанның бір өлеңін немесе өз туындысын, сондай-ақ ақын сөзіне жазылған әнді орындады. «Жұбан мұрасын кім көп біледі» бөлімінде қатысушылардың ақын шығармаларын қаншалықты білетіндігі сыналды.
«Ақынның мәңгілік мұрасы» бөлімінде үміткерлер Жұбан өлеңін жатқа оқыса, «Жырлайды жүректе» ақын жырларындағы ұйқасты пайдалана отырып, өз ойларын жеткізе білуі сарапқа түсті.
Екі күнге созылған сайыс барысында Ж.Досмұхамедов атындағы педколледжден келген Зафура Мамут бас жүлдені жеңіп алды. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Ақниет Қайырғалиев бірінші, технологиялық колледжден Жандарбек Мәжит пен Ж.Досмұхамедов атындағы педколледжден Береке Орынбасар екінші, технологиялық колледжден Асылзада Мұратова, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дан Құрманай Заур және республикалық жоғарғы технологиялық колледжден Нұртілек Жангелдинов үшінші орынға ие болды.
Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айтқали Нәріковтің айтуынша, КСРО және Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері, кезінде Қазақстан Жазушылар одағын бірнеше жыл бойы басқарған Жұбан Молдағалиевтің (1920-1989) туғанына екі жылдан кейін тура 100 жыл толмақшы. Осы мерейтойды ЮНЕСКО көлемінде атап өту жөнінде ұсыныс жасалып отыр. Өңірде ақынның 100 жылдығына әзірлік шаралары басталып кетті деуге болады. Оған қоса алдағы жылы ақынның атақты «Мен - қазақпын» поэмасының жарық көргеніне 55 жыл толады.
Орал қаласында ақын есімін шағынауданға беру мен ескерткішін орнату, сондай-ақ туған жері - Ақжайық ауданы Чапаев ауылында Жұбан орталығын салу ойластырылуда.
16:49, 05 Қазан 2018
Батыс Қазақстанда ақын Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдығы аталып өтеді
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстанда ақын, Қазақстанның халық жазушысы Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдығына орай шаралар қолға алынбақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.