Батыс Қазақстанда асыл тұқымды мал басын 150 мыңға жеткізу көзделуде

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында агроөнеркәсіп саласы да жаңғыртылуы тиістігі аталып өтілген.

Бұл сала бойынша мемлекеттік бағдарламалар арқылы несиелеу көбейтілетін болады. Осыған орай асыл тұқымды мал басын 150 мыңға жеткізу көзделуде. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Алтай Көлгінов тұрғындармен есептік кездесуінде мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Оның айтуынша, осы арқылы сүт өндіру көлемін ұлғайту да жоспарлануда.

Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруді арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, биыл қуаты жылына 6 мың тоннаны құрайтын құс фабрикасын іске қосып, ет және ет өнімдерінің экспортын 2,5 мың тоннаға дейін жеткізу ойластырылуда. Аудандарда 30-дан астам ауыл шаруашылығы кооперативін құрып, 505 шағын мал бордақылау алаңын салу да қолға алынбақ.

Малдәрігерлік стансалар мен пункттер қалпына келтіріліп, жаңадан 50 мал қорымы дайындалады және 8 қасапқана ашылады.