Батыс Қазақстанда атақты әнші-композитор Мұхит Мерәліұлының 175 жылдығы кең көлемде аталып өтілмек
БҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, мерейтой аясында «Сары дала сағынышы - сал Мұхит» атты республикалық әншілер байқауы ұйымдастырылмақшы. Сонымен қатар БҚО қазақ драма театры «Ән Мұхит» спектаклін қоюды ойластыруда.
Мәдени шаралардың бірқатары Мұхит Мерәліұлының туған жері - Қаратөбе ауданында өтеді. Аудан әкімдігінен хабарлағанындай, соның ішінде әнші ауылындағы Б.Қаратаев атындағы орта мектепте Мұхит мұражайын ашу көзделуде. Бұған аудандық бюджеттен 2 млн. теңге бөлінді. Мұражайға көне жәдігерлер жинақталып, қазіргі заманғы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілмек.
Айта кетейік, Мұхит ауылында әнші ескерткіші болса, бұдан он жыл бұрын Ақбақай қорымында ақ шаңқан кесенесі орнатылған болатын. Сондай-ақ Орал қаласындағы орталық көшелердің біріне Мұхит Мерәліұлының есімі берілген.