ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында ауа райының нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар жолдар жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«ҚазАвтоЖол» ЖШС БҚО филиалының мәліметіне қарағанда, 10 наурыз күні сағат 15.15-тен бастап республикалық маңызы бар Орал-Атырау (492-189 км, Оралдан Атырау облысының шекарасына дейін) жолында барлық көлік түрлері үшін қозғалысқа шектеу қойылды.
Сондай-ақ сағат 18.25-тен бастап республикалық маңызы бар Самара-Шымкент (195-526 км, Ресей шекарасынан Ақтөбе облысына дейін) жолы жабылды.
Жабылу себебі - боран, жолдың көрінуі нашар.
Сонымен қатар республикалық маңызы бар Орал-Тасқала (4-104 км, Оралдан Ресей шекарасына дейін) тас жолы да жабық.
Осыған байланысты БҚО ТЖ департаменті ескерту жариялап, тұрғындарға СМС хабарламалар жіберуде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да боранға байланысты республикалық жолдарда қозғалыс шектелгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).