Аталмыш соттан түскен мәліметке қарағанда, іс «TrueConf» мобильдік бейнебайналыс жүйесі арқылы қаралды.
Сот талқысында белгілі болғанындай, Н.Аманғалиев 2019 жылы 9 желтоқсанда сағат 02.00 шамасында Шыңғырлау ауданы Шыңғырлау ауылы Ғ.Мұратбаев көшесі 22-мекенжайында орналасқан Ж.Қанафиннің үйіне қонаққа барған.
Екі сағаттан кейін қонақтар тарап, үстел басында Н.Аманғалиев, Ж.Бекетов, М.Сүндетов, Г.Мұқашев және Ж.Қанафин қалып, арақ ішіп отырған.
Содан сағат 05.20 шамасында үй иесі сыртқа шығып кеткенде, масайған Н.Аманғалиев пен Ж.Бекетов сөзге келген. М.Сүндетов пен Г.Мұқашев оларды сабырға шақырған. Алайда Н.Аманғалиев болмашы нәрсені сылтау етіп, Ж.Бекетовтің кеуде тұсына екі мәрте қасақана пышақ сұққан. Марқұм сол жерде көз жұмған.
Сотта Н.Аманғалиев кінәсін ішінара мойындап, болған оқиғаға шын өкінетінін, өлтіремін деген ойы болмағанын, өзін-өзі қорғану мақсатында пышақ жұмсағанын айтты.
Судья Шара Зайнуллинаның мәлім еткеніндей, Н.Аманғалиев ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігіне (адам өлтіру) сәйкес айыпты деп танылды. Оның қылмысы аса ауыр қылмыстар санатына жатады.
Н.Аманғалиев 13 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталды.
Жәбірленушінің азаматтық талап арызы негізінде 7 млн теңге көлеміндегі моральдық залал және материалдық шығын ішінара қанағаттандырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын есікті құлыптауды ұмытқаны үшін ағасын өлтірген тұрғынның сотталғанын жазған болатынбыз.