ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында автокөлік аударылып, екі адам мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 9 қыркүйек күні Бәйтерек ауданы аумағында болды.
Сағат 17.30-да республикалық маңызы бар Орал-Атырау жолының 35-шақырымында 40 жастағы жүргізуші басқарған «Mazda 3 « автокөлігі аударылып қалған.
Соның салдарынан жүргізуші және 34 жастағы жолаушы оқиға орнында қаза тапты. 30 жастағы тағы бір жолаушы аурухананың хирургия бөліміне жатқызылды.
Автокөлік арнайы тұраққа қойылып, Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
БҚО полиция департаменті жүргізушілерге қырағы болып, жылдамдықты асырмау, жол ережесін бұзбау қажеттігін еске салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында ірі қойма өртеніп кеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).