ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында автокөлік мотоцикл мінген жасөспірімді қағып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 8 шілде күні Шыңғырлау ауданы Ақшат ауылында болды.
Сағат 12.30-да 65 жастағы жүргізуші «ВАЗ-2107» автокөлігімен 16 жасар жасөспірім айдап келе жатқан мотоциклмен соқтығысуға жол берген.
Жол апаты салдарынан жасөспірім Сырым аудандық орталық ауруханасының хирургиялық бөлімшесіне жатқызылды.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 345-бабы 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың нақтылауынша, жасөспірім санавиациямен облыстық көпбейінді балалар ауруханаға жеткізілген. Жағдайы ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр.
Екі жіліншігі сынған жасөспірімге бірнеше сағатқа созылған ота жасалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда пойыздың ер адамды қағып кеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).