ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында автокөлік сиырға соғылып, екі адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 26 қараша күні Ақжайық ауданы Жаңабұлақ ауылы тұсында болды. Сағат 18.38-де Орал-Атырау жолының 105-шақырымында Hyundai Accent автокөлігінің жүргізушісі сиырды қағып кеткен.
Трассадағы медициналық құтқару бекетінің қызметкерлері жол апатынан зардап шеккен 40 және 44 жастағы әйелдерді Ақжайық аудандық орталық ауруханасына жеткізді. Олар түрлі жарақат алған.
Жүргізуші медициналық көмектен бас тартты. Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталу үстінде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда көлік қағып кеткен 19 жастағы жігіттің көз жұмғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).