ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында азамат соғысы кезінен қалған алты снаряд табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің мәлім еткеніндей, оқиға 8 маусым күні Ақжайық ауданы Бударин ауылында болды.
Сағат 11.45-те 1963 жылғы ауыл тұрғыны Жайық өзенінің ескі арнасынан қара металл жинау кезінде азамат соғысы кезінен қалған алты артиллериялық снаряд тауып алған. Бұлардың ұзындығы 30 см, диаметрі 8,5 см.
«Қазіргі кезде оқиға орнында БҚО полиция департаментінің саперлары залалсыздандыру бағытындағы жұмыстарды жүргізуде. Табылған снарядтар белгіленген тәртіппен жойылатын болады», деді ҚазАқпарат тілшісіне Б.Белгібеков.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жеті жасар баланың үшінші қабаттан құлап кеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).