ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында жер қазу жұмыстары кезінде снаряд табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақжайық ауданы орталығы Чапаев ауылында Д.Қонаев көшесі 57-үйге қарай су құбырын тарту үшін жер қазып жатқан «Жаиктехсервис» МКК жұмысшылары 25 сәуір күні сағат 11.00-де снарядқа ұқсас затты тауып алды.
Аудандық ТЖ бөлімінен түскен мәліметке қарағанда, тексерген кезде ол шынында да алдын ала болжам бойынша Азамат соғысы кезінен қалған ұзындығы 50 см, диаметрі 10 см снаряд болып шықты.
Аталған аумақ қоршауға алынып, күзет қойылды. Атырау қаласындағы әскери бөлімнен шақырылған саперлар снарядты залалсыздандыратын болады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).