ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында азамат соғысы кезінен қалған снарядтар табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, бірінші оқиға 26 сәуір күні Бәйтерек ауданы Жаңатаң ауылы тұсында болды.
Малшы болып жұмыс жасайтын 1983 жылғы тұрғын ауылдан 4-5 шақырым қашықтықта темір іздеп, жер қазып жүріп, ұзындығы 300 мм, диаметрі 75 мм металл снаряд тауып алған.
Оқиға орнына саперлар дереу жетіп, снарядты жойды. Мамандардың сараптамасына сәйкес снаряд азамат соғысы жылдарынан бері жатқан болып шықты.
Сондай-ақ 27 сәуір күні шамамен сағат 11.50-де Бәйтерек ауданы Дариян ауылының шетінде 1988 жылғы тұрғын ұзындығы 350 мм, диаметрі 76 мм артиллериялық снаряд тауып алған. Алдын ала мәліметке қарағанда, жойылған бұл снаряд та азамат соғысы кезінен қалған.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда ауруханадан шығып, жоғалып кеткен 65 жастағы ер адамның мүрдесі табылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).