ОРАЛ. 19 сәуір. ҚазАқпарат - Сырым ауданында өңірдегі ақындар айтысының 55 жылдығына орай «Азаттықтың ақ таңы» атты жыр додасы мәреге жетті.
Сырым ауданы әкімдігі, «Сырым жастары» жастар қоғамдық бірлестігі, белгілі айтыс ақыны Бауыржан Халиолланың ұйымдастыруымен өткен айтысқа «Жібек жолы» шаруа қожалығының жетекшісі Ғанимат Нұрмұханов пен «Алтын тау» компаниясының басқарушы директоры Кемелбек Ойшыбаев демеушілік етіп, барлығы он алты ақын сайысқа түсті.
Аламан айтыста Теректі ауданынан келген Эльдар Иқсанов бас жүлдені жеңіп алса, оралдық Талғат Мықи - бірінші, сырымдық Бауыржан Ширмединұлы - екінші, жәнібектік Назгүл Кәрімова үшінші орынды иеленді. Бір топ ақынға «Облыс ақыны» атағы беріліп, бірқатарына арнайы сыйлықтар табыс етілді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).