ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында бақташы 36 дана киік мүйізімен ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, өңірде 18 қаңтар – 1 ақпан аралығында «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасы жүргізілуде.
«Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекторлары мен Жәнібек ауданы полиция бөлімі бірлесіп жүргізген рейдтік іс-шаралар кезінде Борсы ауылдық округіндегі қыстақ маңында шаруа қожалықтарының бірінде малшы болып жұмыс істейтін 27 жастағы тұрғын қолға түсті.
Одан 36 дана киік мүйізі тәркіленіп, сот-биологиялық сараптамаға жіберілді.
Осындай оқиға көршілес Бөкей ордасы ауданында да болды. «Құрманғазы» қыстағы маңында қос мүйізі бар киіктің басын заңсыз тасымалдаған 1990 жылғы тұрғын ұсталды.
Қазіргі кезде екі оқиға бойынша да ҚР ҚК 339-бабы 1-1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 2652 дана киік мүйізі тәркіленгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).