ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында банктен 120 млн-дай теңге жымқыру дерегі бойынша екі адам күдікке ілінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 26 мамыр күні «Банк РБК» АҚ әмбебап қор банкінің аға менеджері Бөрлі ауданы полиция бөліміне жүгінген.
Ол тексеру барысында 25 мамырда банктен 67 млн теңге, 34 500 еуро және 80 мың АҚШ доллары ұрланғанын хабарлаған.
«Қазіргі кезде бұл қылмысқа қатысты екі адамға айып тағылды. Оның біреуі ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабы тәртібімен ұсталды. Аталған дерек ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағына (алаяқтық) сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелді», деп хабарлады ведомстводан.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).