Батыс Қазақстанда бір аптада 650-ге жуық адамнан коронавирус табылды

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында соңғы тәулікте 87, бір аптада 647 адамнан коронавирус анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы мәлім еткеніндей, қазіргі кезде сары аймақта тұрған өңірде пневмонияға шалдыққан 335 адам стационарда ем қабылдауда.

Күні бүгін инвазивті жасанды тыныс алу аппаратына 4, инвазивті емес осындай құрылғыға 7, оттегі концентраторына 27, орталықтандырылған оттегі көзіне 109 науқас қосылған.

Өңірдегі 18 инфекциялық стационарда 398, соның ішінде 25-і жансақтау бөлімінде жатыр. Карантиндік стационарда 10 адам емделуде.

Жыл басынан бері 1051 бала коронавирус жұқтырды.

Басқарма мәліметіне қарағанда, ірі кәсіпорындардан «Жайықмұнай» ЖШС-ында биыл 38, «ҚПО б.в.» компаниясынан 139 қызметкерден індет табылды.

Барлығы облыста 22045 науқас тіркеліп, соның 17181-і жазылып шықты. 327-сі көз жұмды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО инфекция стационарларында 440-қа жуық науқастың емделіп жатқанын , Оралда аурухана жертөлесінен өрт шығып, 28 науқастың эвакуацияланғанын жазған болатынбыз.