ОРАЛ. 19 наурыз. ҚазАқпарат - Жаңақала ауданында 14-22 наурыз аралығында Наурыз мейрамына арналған шаралар барысында аталған ауданмен көршілес Қазталов, Бөкей ордасы, Ақжайық, Жәнібек аудандары арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Аталмыш төрт ауданнан келген өкілдер Жаңақаладағы маңызды нысандарды аралап, аудан тынысымен танысты. Жаңақала ауданының әкімі Лавр Хайретдинов өңірдің өткені мен бүгіні туралы мәлімет беріп, болашағына болжам жасады. «Бұған дейін де сан асуды бірлесе алған, Жайықтың Самар бетіндегі жұртпыз. Бізді ортақ тарихымыз, ұқсас шаруашылығымыз біріктіріп келді. Соны енді құжат ретінде рәсімдедік», деді ол. Алдағы уақытта үш ауданның жерінен киік қорығы құрылатынын да айтып кетті.
Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Рахымжанов шаруашылық тұрғыдағы және мәдени сипаттағы байланыстың одан әрі өрістей түсетінін тілге тиек етті. Бөкей ордасы, Қазталов, Жәнібек ауданы әкімдерінің орынбасарлары Рүстем Зұлқашев, Нұритден Құтқожин, Рафилбек Аманжол да аталмыш құжатқа сенім артатынын атап өтті.
Бұдан кейін меймандар аудандық мәдени-демалыс орталығы өнерпаздарының концертін тамашалады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).