Батыс Қазақстанда бірнеше ауданның әкімі ауысты

ОРАЛ. 29 маусым. ҚазАқпарат - Мемлекеттік басқару саласындағы реформаға сәйкес Батыс Қазақстан облысында бірнеше ауданның әкімі ауысып, бірқатары қайта тағайындалды.

ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен және облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың өкімімен Абат Шыныбеков Сырым ауданының әкімі болып тағайындалды. Абат Абайұлы өңірде лауазымды қызметтер атқарды. Соңғы жылдары «Нұр Отан» ХДП БҚО филиалы төрағасының орынбасары, Орал қалалық мәслихатының хатшысы болды. Осыған дейін аудан әкімі міндетін мұнда бір жылдан астам уақыт бойы Руслан Сапарғалиев атқарды.

Белгілі спортшы Асхат Шахаров Қаратөбе ауданын басқаратын болды. Ол - самбодан үш дүркін әлем чемпионы, екі мәрте әлем кубогінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері. Қазақ туризм және спорт академиясының түлегі, экономика ғылымдарының кандидаты. Соңғы қызметі - Ақтөбе облыстық олимпиада резервтерін даярлау орталығының директоры. Қаратөбе ауданына бұған дейін үш жылға жуық уақыт бойы Наурызбай Қарағойшин жетекшілік етті.

Зеленов ауданында Марат Оңғарбековтің орнына осыған дейін БҚО жұмылдыру әзірлігі, азаматтық қорғаныс, апаттар мен дүлей зілзалалардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқармасын басқарған Кәрім Жақыпов, Бөкей ордасында Нұрлан Сабыровтың орнына Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келген Нұрлан Рахымжанов тағайындалды. Жаңа аудан басшыларын облыс әкімі Нұрлан Ноғаев сол аймақ активтеріне таныстырып, қызметтеріне сәттілік тіледі. Бұрынғы аудан әкімдеріне алғыс айтылды.

Ақжайық, Тасқала, Жаңақала аудандарының әкімдері Нариман Төреғалиев, Қуат Мусин, Лавр Хайретдинов өз қызметтеріне қайта тағайындалды.

Аудандарда ауыс-түйіс одан әрі жалғасуда.