ОРАЛ. ҚазАқпарат - 11 шілде күні кешкісін Зеленов ауданы Дариян ауылында жауған қатты бұршақтан келген залал көлемі анықталуда, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Ауыл әкімі Болат Ерболатовтың сөзіне қарағанда, ауылдағы бау-бақша өскіндері түгелдей бүлінген. Сондай-ақ Дариян маңында егілген қауын-қарбыз, қиярларға да елеулі зиян келген. Бұршақтың төрт-бес автокөлікке «өз өрнегін» салғаны белгілі болуда. Ауыл-ауладағы су жиналған жерлерге автокөліктер жіберіліп, су сорылды. Абырой болғанда адамдар зардап шеккен жоқ.
Аудан әкімінің орынбасары Асылұлан Досжановтың айтуынша, қазіргі уақытта бұршақтан келген шығын көлемі есептелуде.
Еске сала кетейік, кеше кешкісін Дариян ауылында күтпеген жерден қатты бұршақ жауған болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).