Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, 5-22 шілде аралығында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаменті мен экономикалық тергеу департаментінен 42 материал түскен.
Соның ішінде ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексі 424-бабы 1-бөлігіне сәйкес лицензиясыз қызметі үшін 5 жеке тұлғаға 34 725 теңге айыппұл салынды. Бір материал қаралу үстінде.
Сонымен қатар ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексі 426-бабы 1-бөлігіне сәйкес, дәрі-дәрмекті шекті бағадан асырып сатқаны үшін «Мендыбаева Ж.Г.» ЖК мен «Адема-Фарм» ЖШС-ға 361 140 теңге айыппұл салынды.
Оған қоса, ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексі 426-бабы 3-бөлігіне сәйкес, Қазақстанда қолдануға рұқсат берілмеген дәрілік заттарды сату бойынша 20 материал әкімшілік сотына жіберілді. Соның ішінде «Ботова И.П.» ЖК, «Калугина В.М.» ЖК, «МедМаркет-Эксперт» ЖШС және екі жеке тұлғаға 100-ден 300-ге дейінгі АЕК көлемінде айыппұл салынды.
ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексі 463-бабы 1-бөлігіне сәйкес, тиісті тіркеусіз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ іс-әрекеттерді жүзеге асыру бойынша үш материал сотқа жолданды. Бір іс бойынша «Нобел АФФ» АҚ-ға 150 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Қалған материалдар қаралу үстінде.
«Егер дәрілік препараттарды жоғары бағамен сатып жатқан фармацевтикалық қызмет субъектілерінің (дәріханалардың) құқыққа қайшы іс-әрекеттері туралы белгілі болса, тұрғындар 8 (7112) 51-27-66 телефоны арқылы хабарласа алады. Дәрі-дәрмектің шекті бағасын DARI.KZ сайтынан білуге болады», дейді департамент мамандары.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда еріктілердің 40 мың масканы тегін таратқанын, Батыс Қазақстанда той өткізген тоғыз тұрғынға айыппұл салынғанын жазған болатынбыз.