ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында трассада дәрі-дәрмек тиелген «ГАЗель» автокөлігі жанып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 16 қараша күні сағат 23.49-да Орал-Атырау жолы бойында, Ақжайық ауданы Самал елді мекені тұсында болды.
«Муратова» жеке кәсіпкерлігіне тиесілі, 21 жасар жүргізуші айдап келе жатқан «ГАЗель» автокөлігі отқа оранды.
Өрт сағат 00.45-те оқшауланып, 01.15-те сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаның Орал-Атырау жолының 105- шақырымында болғанын жеткізді.
Оқиға орнында полиция қызметкерлері де жұмыс істеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жол апатынан бес адамның зардап шеккенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).