ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында Қазақстанның халық әртісі, күй анасы Дина Нұрпейісованың 160 жылдығына арналған «Әсемқоңыр» республикалық домбырашылар байқауы мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Динаның туған жері – Жаңақала ауданы Қызылоба ауылдық мәдениет үйінде өткен күй сайысына Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарынан үміткерлер қатысып, бақ сынады.
Екі күнге созылған сайысқа белгілі күйші-ұстаз, профессор Айтжан Тоқтаған бастаған өнер майталмандары қазылық етті.
Байқау қорытындысында атыраулық Ақбөкен Темір бас жүлдені жеңіп алды.
Батысқазақстандық Жасұлан Зейнединов бірінші, алматылық Мөлдір Қойысова мен тағы бір БҚО өкілі Раушан Шақанаева екінші орынға көтерілді.
Елордалық Наргиза Қасымова, алматылық Баян Қырғызбай, қызылордалық Ботагөз Жақсылық үшінші жүлдені бөлісті.
Елордалықтар Нұрболат Тапалов, Мейрам Айтмағанбетов және алматылық Баян Тілеуберген дипломант атанды.
Аталмыш байқау алдағы уақытта бес жыл сайын ұйымдастырылып тұрмақшы.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да Дина Нұрпейісованың 160 жылдығына орай республикалық домбырашылар байқауы өтетінін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).