Батыс Қазақстанда егістік жерлерді 900 мың гектарға дейін арттырып, кемінде 750 мың тонна астық өндіруге мүмкіндік бар
19:41, 29 Мамыр 2009
ОРАЛ. Мамырдың 29-ы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында алдағы уақытта тыңайған жерлер арқылы өңделген егістік алқабын 900 мың гектарға дейін арттырып, кемінде 750 мың тонна астық өндіруге мүмкіндік бар. Бұл туралы облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әкімнің айтуынша, ол үшін егін шаруашылығындағы интенсивтік технологияларды дамытуды қамтамасыз ету, элиталы тұқым шаруашылығын қолдау және осының негізінде түсімнің айтарлықтай өсуіне қол жеткізу қажет.
2015 жылға қарай ылғал сақтау технологиясын қолданатын егістік жерлердің арақатынасы 80 пайыздан кем болмауы керек. Барлық егістік жоғары өнімді, құрғақшылыққа төзімді сорттармен егілуі тиіс. Өңірде тұқым шаруашылығын дамыту үшін барлық жағдай бар.
Биылдың өзінде дәнді дақылдар егісі 23 мың гектарға артып, 566 мың гектар болды. Сондай-ақ майлы дақылдар көлемі 43 мың гектарға жетуі немесе 1,3 есеге өсуі тиіс. Мемлекеттік қолдау ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.