ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында суға батып кеткен екі тұрғынның мүрдесі табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазталов аудандық ТЖ бөлімінің басшысы Абай Нәсіповтің айтуынша, Ақпәтер ауылының 1983 жылғы тұрғыны Дамир Сатыбалдиев 18 сәуір күні жоғалып кеткен болатын. Марқұмның денесі 6 мамыр күні Ақпәтер маңындағы Қараөзеннен табылды.
Сол 6 мамыр күні тағы бір қайғылы оқиға тіркелді. Ақпәтер ауылының 1953 жылғы тұрғыны Жұмағали Тоқбаев Қараөзенге балық аулауға барып, белгісіз себептермен батып кеткен. Денесі сол күні табылған.
Еске сала кетейік, Қазталов ауданында жоғалып кеткен Д.Сатыбалдиевтің іздестіріліп жатқанын бұған дейін жазған болатынбыз. Одан бұрын осы ауданда өткен жылы қарашада жоғалған тұрғынның денесі де биыл көктемде судан шыққан еді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).