ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында екі автокөлік мұздың астына түсіп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, оқиға Ақжайық ауданы Қабыршақты ауылы маңында болған.
Бүгін сағат 11.06-да Көшім каналына Mitsubishi Pajero автокөлігінің мұздың астына түсіп кеткені жөнінде хабар жеткен.
Негізі автокөлік түнде батқан, абырой болғанда, балықшылар шығып үлгерген.
Оқиға орнында құтқарушылар жұмыс жасап жатқан кезде сағат 13.48-де УАЗ Патриот автокөлігінің мұз астына түсіп кеткені жөнінде хабар келген.
Құтқарушылар автокөліктен екі адамды алып шықты. Бұлар да балықшылар болып шықты.
Екі оқиғадан да зардап шеккендер жоқ.
БҚО ТЖ департаменті тұрғындарға мұз үстіне шыққан кезде, әсіресе, қазіргідей көктемгі уақытта аса сақ болып, қауіпсіздік шараларын бұлжытпай сақтау керектігін еске салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да еріген қар суы жолды басып қалғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).