Батыс Қазақстанда екі автокөлік соқтығысып, 4 адам жарақат алды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында екі автокөлік соқтығысып, төрт адам жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 5 сәуір күні сағат 19.24-те Ақжайық ауданы Тінәлиев ауылы маңында болды.

Атырау-Орал жолының 195-шақырымында «Фольксваген Поло» мен «Тойота Камри» автокөліктері түйісті.

Соның салдарынан 5 адам зардап шекті, барлығының да жағдайы орташа дәрежеде.

Трассалық-медициналық құтқару бекетінің қызметкерлері оларға алғашқы көмек көрсетіп, Ақжайық аудандық орталық ауруханасына жеткізді.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, оқиға салдарынан төрт адам жарақат алды. 48 жастағы ер адамның миы шайқалып, басы мен тізесі көгерген. 37 жастағы ер адам ашық бас-ми жарақатын алған, маңдай сүйегі сынған. Екеуі де ауруханаға жатқызылды. Кеуде тұсынан жарақат алған 40 жастағы әйел мен маңдай тұсы, басының жұмсақ тіндері көгерген 31 жастағы ер адам амбулаторлық ем алуға жіберілді.

Қазіргі кезде оқиғаның мән-жайы анықталу үстінде.

Сонымен қатар 6 сәуір күні сағат 03.11-де Ақжайық ауданы Қамыстыкөл ауылы тұсында екі автокөліктің сынып қалғаны жөнінде хабар түскен. Оқиға орнынан құтқарушылардың күшімен 10 адам Қамыстыкөлге жеткізілді, олардың екеуі – бала.