ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында екі автокөлік соқтығысып, жүргізуші ауруханаға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 18 қазан күні шамамен сағат 07.00-де Бөрлі-Ақсай жолының 31-шақырымында болды.
«ВАЗ-21099» автокөлігінің 20 жастағы жүргізушісі қарсы бетке шығып кетіп, 33 жастағы жүргізуші айдап келе жатқан «Тойота» автокөлігімен соқтығысуға жол берген.
Соның салдарынан 20 жастағы жүргізуші жедел жәрдем көлігімен Ақсай қаласындағы Бөрлі аудандық орталық ауруханасына жеткізілді.
«ВАЗ-21099» жүргізушісіне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 610-бабы 3-бөлігіне сәйкес хаттама толтырылды.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың нақтылауынша, 20 жастағы жігіт тобығын сындырып алған. Соған ота жасалды. Жағдайы орташа ауыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да автокөлік аударылып, екі адамның мерт болғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).