ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында екі айлық сәби ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға Бәйтерек ауданы орталығы Переметный ауылында болды.
Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Тимур Мұсағалиевтің айтуынша, екі айлық қыз бала жедел жәрдеммен таңғы сағат 05.00-те жеткізілген.
«Дәрігерлер сәбиді қарап, талдаулар алып, рентгенге түсірген. Тиісті ем-домдар, жансақтау шаралары жасалғанымен, сәби сағат 07.35-те көз жұмды. Мүрде сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Соның қорытындысы шықпай тұрып, өлімнің неден болғанын айта алмаймыз», деді Т.Мұсағалиев.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаны растап, адам өлімінің дерек ретінде тіркелгенін жеткізді.
«Сараптама тағайындалды. Соның қорытындысы бойынша заңды шешім қабылданады», деп хабарлады ведомстводан.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).