ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында екі қабатты тұрғын үй ауласымен қоса өртеніп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 13 желтоқсан күні Бәйтерек ауданында Орал қаласына іргелес орналасқан Мичурин ауылында болған.
«Сағат 11.43-те Школьная көшесі 11-мекенжайдағы үйдің жанып жатқаны жөнінде хабар түскен. Өрт сөндірушілер келген кезде жалпы ауданы 260 шаршы метр екі қабатты үйдің мансардасы отқа оранғаны анықталды. Сондай-ақ ауладағы бөлек тұрған 150 шаршы метр қора-қопсы мен 4 рулон шөп өртенген. Сағат 15.03-те ауыздықталған өртті сөндіруге жеке құрамнан 22 адам мен 7 техника жұмылдырылды. Оқиға орнында мамандар жұмыс жасады. Зардап шеккендер жоқ. Қазіргі кезде өрттің шығу себебі, келтірілген шығын, кінәлі адамдар анықталу үстінде», деп хабарлады ведомстводан.
Айта кетейік, жыл басынан бері өңірде барлығы 518 өрт тіркелсе, соның 320-сы тұрғын үй секторында болды.
Өрттен келген шығын 213 млн 138,7 мың теңгені құрады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).