«Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» («ҚПО б.в.») компаниясы, ҚР Энергетика министрлігі, БҚО әкімдігі, облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының бастамасы және қолдауымен ұйымдастырылған жиынға 150-ден астам делегат қатысып, онда қоршаған ортаны қорғау, жасыл технологияларды енгізу, энергияны үнемдеу мен оның тиімділігін арттыру, қалдықтарды өңдеу мәселелері талқыланды.
Форумға қатысқан Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов осынау халықаралық жиынның «ЭКСПО - 2017» көрмесі қарсаңында Оралда ұйымдастырылып отырғандығын жеткізіп, оны дәстүрлі түрде, жыл сайын өткізу туралы ұсыныс жасады.
Оның атап өткеніндей, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев табиғатты тиімді пайдалану және экологиялық жағдайды жақсартуға ұдайы көңіл бөліп келеді. Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде «Жасыл экономикаға» көшудің тұжырымдамасы жасалды. Климаттың өзгеруін болдырмауға бағытталған келісімдерге қол қойылып, парниктік газ шығарындыларын реттеудің ұлттық жүйесі құрылды. Түптеп келгенде, табиғат байлықтарын тиімді пайдаланып, ортақ игілікке айналдыру - басты міндет.
Осы орайда аталмыш экологиялық форум да жер қойнауын пайдаланушылар мен уәкілетті органдар арасында өзара байланысты орнықтыра түсуге септігін тигізсе, игі.
«ҚПО б.в.» компаниясының бас директоры Ренато Мароли экологиялық форумның мемлекет пен бизнес арасында ашық пікірталас алаңына айналатынына сенім білдірді.
Облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісовтің мәлім еткеніндей, соңғы үш жылда қоршаған ортаға залал келтіргендерден 18 млрд. теңге өндірілді. Тоғыз қылмыстық іс қозғалып, төрт бірдей компанияның басшысы істі болды. Бұл ретте мұнайгаз компанияларымен бірлесе жұмыс жасаудың маңызы зор. Мысалы, прокуратураның бастамасымен қалдықтарды басқару саласында қолға алынған «Табиғатты бірге сақтаймыз!» жобасы жүзеге асырыла бастағаннан бері бірде-бір қылмыстық іс тіркелген жоқ. Жоба іске қосылғанша, тоғыз қылмыстық іс қозғалып, қоршаған ортаға келтірілген залал мөлшері 1 млрд. теңгеден асса, одан кейін ондай зиян тіркеле қойған жоқ. Қайта қалдықтарды өңдеу, залалсыздандыру 47,5 пайызға артты.
БҚО табиғат қорғау прокуроры Асылан Жаңатауовтың сөзіне қарағанда, үш жылда, яғни 2014-2016 жылдары жалпы тексеру саны 2 есеге көбейді. Жер қойнауын пайдаланушыларды тексеру 2,5 есеге ұлғайды. Соның нәтижесінде экологиялық құқықбұзушылық 2,5 есеге артты.
Салалар бойынша айтқанда, қалдықтарды орналастыру және залалсыздандыру бойынша құқықбұзушылық 2, ауаны ластау 4, көлік құралдарын пайдалану кезінде шығарындылардың шамадан тыс артуы 11 есеге өсті. Тексеру көбейіп, бюджетке түсетін айыппұл көлемі артқанымен, одан табиғатқа пайда келіп жатқан жоқ. Айталық, зиянды заттардың ауаға шығарылуы 35 пайызға өсіп отыр. Бұл үшін заң алдында ғана емес, келер ұрпақ алдында да жауап беруге тура келеді.
Форумда сондай-ақ Ресей Федерациясының экология, энергетика және тұрақты даму бойынша комиссиясының төрағасы Евгений Гоша, ҚР жобалық менеджерлер одағының президенті Алексей Цеховой, «Фин Бизнес Хаб» халықаралық инвестициялық компаниясының директоры Мұхтар Манкеев және басқалар табиғат қорғау төңірегінде өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.