ОРАЛ. Маусымның 16-сы. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ облыс энергетиктерінің кәсіби шеберлігін шыңдау мақсатында аудандық электромонтерлер бригадалары арасында дәстүрлі байқауды ұйымдастырды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Байқаудың ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Шәкімов пен компания президенті Яхия Чудровтың атап өткеніндей, өңірде энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізу мақсатында нақты шаралар қолға алынып отыр. Биылғы шілденің 1-інде Орал қаласы маңында газтурбиналы электр стансысы пайдалануға берілмек. Аталмыш стансы қаланың жаңа шағын аудандарын электр қуатымен қамтиды. Бұл электр қуатының бағасын да қымбаттатпауға мүмкіндік береді. Ресейліктерге тәуелділіктен құтылудың бір жолы - өзімізде электр қуатын жеткілікті өндіру.
Сегіз кезеңнен тұратын аталмыш байқау қорытындысы бойынша ең үздік бригадаға арнайы диплом тапсырылып, ақшалай сыйлықпен марапатталмақ. Электр қондырғыларын пайдаланудағы қауіпсіздік техникасы ережесінен озық көрсеткішке қол жеткізген және байқауға жоғары деңгейде дайындалған топтарға аталымдар бойынша жүлделер тапсырылмақ.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау үшін кәсіпорын 200 мың теңге көлемінде арнайы қаржы бөлген.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).