ОРАЛ. Қазанның 19-ы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Орал қаласының бірнеше тұрғыны есірткі сату үстінде ұсталды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің деректеріне қарағанда, қазанның 12-сінде 1983 жылғы М. деген азамат 3,65 грамм кептірілген марихуананы сатқан. Оның «Ауди-80» автокөлігін тексеру үстінде тағы 2,09 грамм, ал пәтерінен 14,84 грамм марихуана, 11 түрлі алтын бұйымдар табылған.
Есірткі өткізушілер түнгі клуб, кафелерді жиі төңіректейді. Айталық, қыркүйектің 28-інде «Уэкенд» түнгі клубы жанында 23 жасар азамат 3,25 грамм есірткі сатқан. Ал қазанның 12-сінде ол «Ирбис» кафесі жанында 3,44 грамм марихуананы «жытыру» үстінде қолға түскен. Қазанның 16-сында «Көкнәр» іс-шарасы барысында оқу орны жанында 93,84 грамм марихуана өткізген 1970 жылғы О. деген азаматша да ұсталып, қылмыстық іс қозғалды.
Биылғы тоғыз айда статистикалық деректер бойынша есірткіге байланысты 219 қылмыс тіркеліп, өткен жылғыдан 6,2 пайызға өсіп отыр.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).