ОРАЛ. Қыркүйектің 12-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - БҚО-ның Қаратөбе ауданында атақты әнші-композитор, Қазақстан халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ғарифолла Құрманғалиевтің 100 жылдығына арналған мерекелік шаралар басталды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Республиканың түкпір-түкпірінен келген меймандар алдымен Саралжын ауылындағы алты алашқа ән оздырған Мұхит Мералыұлының зиратына тағзым етті. Содан кейін республикалық әншілер байқауы басталды. Оған Алматыдан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Шығыс, Оңтүстік және Батыс Қазақстан облыстарынан жиырмадан астам үміткер қатысуда. Екі айналымнан тұратын әншілер додасына ҚР халық әртісі, профессор Сәуле Құрманғалиева бастаған өнер қайраткерлері қазылық етуде.
Қаратөбе аудандық балалар музыка мектебіне, сондай-ақ Орал қаласындағы «Жастар» мәдениет сарайына Ғ.Құрманғалиевтің есімі берілді.
Мерейтой қыркүйектің 14-інде Орал қаласында жалғасады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).