Батыс Қазақстанда иесіз көліктер табылды
13:07, 13 Наурыз 2009
ОРАЛ. Наурыздың 13-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан жол полициясы басқармасы қызметкерлері «Автокөлігіңізге абай болыңыз!» атты республикалық іс-шараны сәтті аяқтады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі басқарма баспасөз қызметінен түскен мәліметке сілтеме жасап.
Наурыздың 12-сінде қорытындыланған шара кезінде көптеген гараж иелері кооперативінде кіріп-шыққан көлікке тіркеу жүргізілмейтіні, рұқсатнама жүйесі енгізілмегені анықталды. Сондай-ақ кооператив жетекшілері гараж аумағында тұрған иесіз көліктер жөнінде еш мәлімет білмейтін болып шықты. Кооператив басшыларына гараж аумағын қоршау, кіреберіске шлагбаум орнату сияқты жұмыстарды орындау қажеттігі ескертілді.
Жалпы, шара кезінде иесіз тұрған 15 көлік анықталып, бейтаныс біреулер айдап кеткен 4 «темір тұлпар» табылды. Оның үшеуі биыл жоғалған болса, біреуі 2003 жылдың еншісінде екен.