ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында ірі дүкен өртенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 26 тамыз күні Сырым ауданы Жымпиты ауылында орын алды.
Сағат 22.45-те Алашорда көшесі 21-мекенжайында бір қабатты «Эверест» дүкенінің шатырынан өрт шыққаны жөнінде хабар түсті. Оның аумағы шамамен 420 шаршы метрді қамтыды. Ғимараттың төбесі опырылып түскен.
Өрт 27 тамыз күнгі сағат 01.49-да оқшауланып, 03.10-да толықтай сөндірілді.
Зардап шеккендер жоқ.
Қазіргі кезде өрттің шығу себебі, келтірілген шығын, кінәлі адамдар анықталуда.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда екі күнде 50 тоннаға жуық пішеннің өртеніп кеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).