Батыс Қазақстанда Қадыр Мырза Әлі атындағы қордың таныстырылымы болмақ

None
ОРАЛ. 6 маусым. ҚазАқпарат - 8 маусым күні Орал қаласында Қадыр Мырза Әлі атындағы қордың таныстырылымы болмақ. Бұл туралы қордың директоры, белгілі әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Донеділ Қажымов мәлім етті.

Оның айтуынша, атақты ақынның соңында мол әдеби мұра мен бай кітапхана қалды. Осы баға жетпес рухани құндылықты халықтың кәдесіне жарату үшін құрылған қор - негізі біраз адамға ортақ идея. Бірақ осы бағытта нақты әрекет жасап, біраз шаруаға ұйытқы болған қазір Алматы қаласында тұратын, Батыс Қазақстан облысынан түлеп ұшқан Құндыз Нұпов. Ол аталмыш бағыттағы қор құру жөніндегі ой-ниетімен әуелі Қадыр ақынның зайыбы Салтанатпен, Тұманбай Молдағалиев, Ақұштап Бақтыгереева, Мереке Құлкенов сынды біраз ақын-жазушымен кеңеседі. Олардың барлығы да Құндыздың ниетін бірден құптай отырып, өз ой-пікірлерін қосады.

-Көп болып, кеңесе келе, ұйымдастыру шараларымен жүру, құжаттар дайындау сықылды шаруалар маған тапсырылды, дейді бүгінде Алматы қаласында тұратын Д.Қажымов. Алдымен құрылтайшы болғандай мекеме-кәсіпорындар, бизнес құрылымдарын қарастырдық. Бірақ бұл бағыттағы белсенділер бір-екі қолдаушыдан аспады. Сол себепті жеке құрылтайшылардан тұратын коммерциялық емес қоғамдық қор құруды қолға алдық. Машақаты көп жұмыс екен, біраз уақыт кетті. Құрылтайшылыққа Илья Жақанов, Ақұштап Бақтыгерева, Есенғали Рау­ша­нов, Нұрғали Нүсіпжанов, Ескендір Ха­сан­­ғалиев сынды Қадыр ағаны, оның қадір-қасиетін білетін, елге белгілі, беделді тұлғаларды тарттық. Сондай-ақ 25 адам­нан тұратын құрылтайшылардың ара­сында демеуші, кәсіпкер Бақытжан Бажиков та бар. Былтырғы маусым айының басында Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратында алғашқы ұйымдастыру жиыны өтіп, бірнеше талпыныстан кейін құжаттарымыз қабылда­нып, қор ресми тіркеуден өтті.

Қордың ресми түрде тіркелгеніне жеті-сегіз айдың жүзі болды. Қордың басты мақсаты - Қадыр Мырза Әлінің шығармашылық мол мұрасын мейлінше кең насихаттау және оның қаламгерлік қыр-сырын, тұлғалық табиғатын таныта түсетін зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру, Қа­дыр ақынның әдеби мұрасын ұрпақ тәрбиесіне кеңінен жарату, сол арқылы әдебиетті насихаттау, ел-жұрттың, әсі­ресе, жастардың кітап оқуға ықыласын арттыру. Ақын есімін ұлықтау да - қор жұмысының негізгі бағыттарының бірі.

Жыл басында Оралдағы №6 «Шолпан» балабақшасының меңгерушісі Гүлнар Досаеваның ұйымдастыруымен Қадыр ата өлеңдерінен құрылған балалар ертеңгілігі облыстық музей залында қаланың барлық қазақ тілді балабақшаларының басшыларына арнайы үлгі ретінде көрсетілді. М.Өтемі­сов атындағы БҚМУ-да, Ж.Молдағалиев атындағы облыстық кітапханада, биылдан бастап қолға алынған мектеп оқу­шыларына арналған Қадыр оқуларын дәстүрлі шараға айналдырмақ ойымыз бар. Айтпақшы, еліміздің Білім министрі­не хат жолдап, келер оқу жылы бала-бақшадан бастап барлық мектептер мен жоғары оқу орындарында Қадыр оқуларын жариялауды ұсындық. Бұл ұсынысымыз да қолдау табар деген үміттеміз. Алматыда Абай атындағы опера және балет театрында «Қазақтың дана Қадыры» атты еске алу кеші де өте сәтті өтті. Тындырған ең үлкен жұмысымыз, баспада қалған ақынның 18 томдық толық шығармалар жинағын қолға алып, халыққа жеткізгендігіміз. Оның 500 данасын Батыс Қазақстан облысы, 100 жинақты Қызылорда облысы сатып алғанын ерекше атап өткен жөн. Былтырғы қараша айында оралдық фотосуретші Р.Халеловтың «Қазақтың Қадыры» атты фотокөрмесін Алматыда ұйымдастырдық. Ақынның толық шығар­малар жинағын Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханаға, Алматыдағы Орталық музейге, Батыс Қазақстан облыстық музейіне тарту еттік. Сонымен қатар Қадекеңнің жылына дейін афоризмдер жинағын мазмұнына сай безендіріп, ел-жұртқа ұсынып үлгердік. Қадыр ағамыздың өлеңдеріне жазылған 20 шақ­ты ән СD диск түрінде жарық көрді.

Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің қолдауымен Елордада қазақтың қабырғалы қаламгері Қадыр ақынды еске алу кеші өтпек.

Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтің атына жолдаған хатымыз­да Қадыр Мырза Әлі мен Тұманбай Молдағалиевтай қос ақынға Алматыдан көше беруді сұраған едік. Бұл мәселе тиісті орындарда қаралды, бұйырса, Алматы қалалық мәслихатының алдағы бір сессияларында шешімін табады деген жауап алдық. Бұған қоса Алматы қаласының әкімдігі Қадекең тұрған үйге ескерткіш тақта орнатпақ ниетте.

Қордың тағы бір мақсаты Қадыр Мыр­за Әлі шығармашылығына қатысты дис­­сертациялар, рефераттар, курстық жұмыс­тар жазған авторларға, басқа да ғылыми-көпшілік шараларға қолдау көр­сету болып табылады. Осы бағыттағы еңбектерге қаламақы мен шәкіртақы бел­гілеу ойымызда бар. Жалпы, «Қадыр Мыр­­за Әлі қоры» басқа да ақын-жазушылар­дың шығармашылығын наси­хаттауды, та­лант­ты жас ақын-жа­зушы­лар­ға, өнер адамдарына қолдау көрсетуді өз миссиясының құрамдас бір бөлігі санайды. Тағы бір бағыт, Қадыр ағаға қатысты теле-бейне түсірілімдер көшірмелерін жинастыру­дамыз. Шайыр­дың біраз өлеңі беларус тіліне тәржі­малауға берілді.

Қазіргі заманда кітап оқуға көп адам­­ның уақыт таппайтынын ескеріп, Қадыр­дың өлеңдерінің аудиожинағын шы­­ға­руды ойластырудамыз. Ол үшін көр­кем­сөз оқушылардың интернет бай­­­қауын өткізу қажет.

Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәде­ниет бас­қармасының ұйымдастыруымен 8 маусымда Орал қа­ла­­сында біраз әдеби-мәдени шара жүзеге аспақ. Мәселен, Ж.Молдағалиев атындағы облыстық кітапханада «Қа­дырдан қалған асыл сөз» атты әдеби шара өтпек. Оған Есенғали Раушанов, Мереке Құлкенов секілді танымал қаламгерлерге қоса, ақынның жары Салтанат жеңгей қатысады деп күтілуде. Сондай-ақ Қадырдың өлең-жырына қо­са, өздерінің абыз ақынға арнаған туындыларын оқитын жас ақындардың жыр кеші де ел-жұртты бей-жай қалдырма­сы кәміл. Осы жыр кешінде өлеңдері өз­ге­лер­ден озық көрінген жас ақындарға
Қа­дыр қорының ақшалай жүлделері табыс етіледі. Басқа шараларға қоса Қадыр ағамыздың әр жылдары туған өлкесіне келген сапарларынан сыр шертетін фотокөрме, ақын өлеңдеріне жазылған әндер жинағының тұсаукесері Жайық жұртының назарына ұсынылмақ.