ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында қалың тұманға байланысты республикалық жол жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«ҚазАвтоЖол» компаниясы БҚО филиалының мәліметі бойынша ауа райының нашарлауына байланысты 4 ақпан күнгі сағат 22.00-ден бастап республикалық « Орал-Атырау» (Оралдан Чапаев ауылына дейін) күре жолы барлық автокөлік түрлері үшін жабылды.
Бұл туралы БҚО ТЖ департаменті хабарлап, ескерту жарияланғанын жеткізді.
Сонымен қатар «Қазгидромет» РМК-ның мәліметі бойынша 5 ақпан күні өңірдің кей жерлерінде тұман түсіп, көктайғақ болуы ықтимал. Осыған орай БҚО полиция департаменті аса қажеттілік туындамаса, тұрғындарға алыс жолға шықпай, сақ болу керектігін ескертеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жолда қалған 7 адамның құтқарылғанын, Оралда ауа райына байланысты бірқатар шағынауданда су беру тоқтатылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).