ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында қар құрсауында қалған тұрғындар құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 15 қаңтар күні болды.
Сағат 15.30-да екі тұрғын «Ларгус» автокөлігімен Қазталов ауданы Жалпақтал ауылынан Жаңақала ауданы Мәстексай ауылына бет алған. Алайда олар ауа райының қолайсыздығы салдарынан жолда қар құрсауында қалды. Далада ұялы телефон байланысының әлсіздігіне байланысты ТЖ департаментіне көмек сұраған хабар сағат 20.30-да түсті. Сол бойда құтқарушылар жолға шықты. Адасып кеткендер 16 қаңтарда сағат 00.30-да табылды. Олар медициналық көмекті қажетсінбеді.
БҚО ТЖ департаменті аса қажет болмаса, алыс жолға шықпау керектігін облыс тұрғындарының есіне салады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).