Батыс Қазақстанда қарақшылықпен айналысқан қарулы топ қолға түсті
19:20, 26 Қаңтар 2009
ОРАЛ. Қаңтардың 26-сы. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Батыс Қазақстан облысында қарақшылықпен айналысқан қарулы топ қолға түсті. Бұл туралы қаңтардың 26-сында БҚО ішкі істер департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Еркін Іңкәр мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұдан бұрын, қаңтардың 18-інен 19-ына қараған түні Сырым ауданы Жымпиты ауылында «Исламғалиев» ЖК жанар-жағармай құю стансасына шабуыл жасаған бетперде киген белгісіз біреулер атыс қаруын қолданып, операторды байлап тастап, 126 мың теңгені алып кеткен болатын.
Жедел іздестіру шаралары барысында олардың «ұясы» Зеленов ауданы ауылдарының бірінде орналасқаны белгілі болды. Қаңтардың 23-інде криминалдық полиция ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы және «Арлан» арнайы жасағының қызметкерлерімен бірлесіп, қасарыса қарсылық көрсеткен қылмыскерлерді қолға түсірді. Олардан «Калашников» автоматы, 16-ұңғылы шолақ мылтық, пышақтар мен граната тәркіленді. Тұтқындалғандардың бәрі де жұмыссыз, араларында бұрын сотталғандары да бар.
Төрт полицей пышақ жарақатын алып, қазір емделуде.