ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері «Ashyq» қосымшасы деректері бойынша үйлерінде оқшаулануы тиіс 769 адамның карантин талабын бұзғаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, олардың 759-ы – «қызыл» мәртебесі бар, яғни індет жұқтырғандар, 10-ы – «сары» мәртебесі бар адамдар.
Оның айтуынша, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 425-бабы 1-бөлігіне сәйкес жеке тұлғаларға 3 млн астам теңге көлемінде айыппұл салынды.
Бүгіннен бастап «жасыл» аймаққа кірген облыста жыл басынан бері 9363, соның ішінде ақпан айында 2265 науқас тіркелді.
Осы кезге дейін өңірде 57 153 адам (40,5 пайызы), соның ішінде өткен тәулікте 658 тұрғын ревакцинациядан өтті.
«Жыл басынан бері мемлекеттік шекарадан анықтамасыз өткен 553 жолаушының жетеуінен, халықаралық жүк тасымалымен айналысатын 409 жүргізушінің 18-інен коронавирус анықталды», деді Н.Мұстаев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 55 мыңнан астам адамның ревакцинациядан өткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).