ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында карантин талаптарын бұзғандарға 14 млн астам теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, өңірде барлығы 158 мобильді топ жұмыс
істеуде.
Биылғы 17 тамыздан күні бүгінге дейін 5828 нысан тексерумен қамтылды.
ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодесі 425-бабы 1-бөлігіне сәйкес 288 хаттама толтырылды. Соның ішінде 157-сі жеке қорғаныс құралдарының болмауына, 16-сы нысанның белгіленген жұмыс уақытын бұзуына байланысты әкімшілік іс қозғалды. Сонымен қатар 115 тұрғынның жаппай отбасылық шаралар өткізгені анықталды.
Облыс аумағында шектеу шараларына байланысты санитарлық-эпидемиологиялық талаптарының сақталуына бақылау жасайтын мобильді топтар өз жұмыстарын күндізгі және түнгі уақытта да жалғастыруда.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да ауыл әкімінің карантинге қарамастан ұлының үйлену тойын өткізгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).