ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында қараша айында 68 бала коронавирус жұқтырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, 18 қарашадағы мәлімет бойынша, КВИ анықталған 65 баланың 61-і – мектеп оқушысы, жетеуі – балабақша тәрбиеленушісі.
Қыркүйек айында 4, қазанда 5 оқушы және 2 балабақша бүлдіршіні ауырған болатын. Бұл қараша айында індеттің өршіп кеткендігін көрсетеді. Балалардың бәрі де ауруды отбасы мүшелерінен жұқтырған.
Облыста соңғы тәулікте 37 адамнан коронавирус табылды.
Індет басталғаннан бері ауырғандар саны 7564-ке жетті.
Пневмонияға шалдыққан 94 адам стационарда, 38-і амбулаторлық ем алуда.
Өкпені жасанды желдету аппаратына 2, оттегі концентраторына 2 адам қосылған.
Жұқпалы аурулар ауруханаларында 120, карантиндік стационарда 39 адам жатыр. 8 адам жансақтау бөлімінде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да қараша айында коронавирус жұқтырғандар саны 500-ден асқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).