ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстанда бүгін ақын Қасым Аманжоловқа мүсін орнатылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Қасым ақынның жастық шағы Орал қаласында өткені белгілі. Осыған орай бұдан он жыл бұрын Зеленов ауданы орталығы Переметный ауылында жаңадан ашылған қазақ мектебіне Қасым Аманжоловтың есімі берілген болатын.
Міне, бүгін осы мектептің ауласында ақын мүсіні салтанатпен ашылды. Оның ашылу рәсіміне қатысқан аудан әкімі Асхат Шахаров, Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов осынау бастаманың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асып отырғанын жеткізіп, мүсін авторы Асқар Бақтығалиұлына ризашылығын білдірді.
Жергілікті демеушілердің 1,5 млн теңге қаражатына бой көтерген мүсіннің биіктігі - 2,8 метр.
Айта кетейік, Орал қаласындағы бір көшеге Қасым Аманжоловтың есімі берілген.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).