ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында қатты боранға байланысты республикалық жол жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазавтожол» ЖШС БҚО филиалының мәліметі бойынша 8 наурыз күні сағат 10.25-тен ауа райының нашарлауынан республикалық маңызы бар Орал-Тасқала-РФ шекарасы (76-104 км, Тасқала кентінен РФ шекарасына дейін) жолында барлық көлік түрлерінің қозғалысына шектеу қойылды.
Жабылу себебі – қатты бұрқасын, көріну шегі 50 метрге дейін. Желдің жылдамдығы – секундына 15 метр.
БҚО ТЖ департаменті осыған орай ескерту жарияланып, тұрғындарға хабарлама жіберіліп жатқанын жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда боранға байланысты республикалық жолдар жабылғанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ Ақсай қаласында екі автокөлік бір біріне соғылып, жүргізуші ауруханаға түсті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).